"Халықтың ойында жүрген мәселелердің барлығы да Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында нақты атап көрсетілген. Сондықтан біз өз аймағымызда еліміздің атын шығарып, халқымыздың мерейін үстем еткен азаматтардың өнегелі істерін үлгі етуге қатысты мәселелерді талқылау үстіндеміз. Сондай-ақ, мәдениетіміз бен әдебиетімізге еңбегі сіңген тұлғалардың туындылары арқылы өскелең ұрпақтың санасында патриоттық сезім қалыптастыру жайын да әртүрлі жиындарда сөз еттік. Осылайша, Атырау облысының аумақтарында түрлі деңгейде ақпараттық, насихаттық түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл шара тек қана жергілікті атқарушы билік тарапынан ғана жүзеге асырылып қана қоймай, оған тұтас қоғам болып атсалысу мен өңірлердегі Ақсақалдар алқасының жұмыла кіріскенін де арнайы атап өткім келеді. Оған орта буын азаматтар мен жастар легінің қосылып, бастамаларды бірауыздан құптауы – Қазақстанның ауызбірлігі мен татулығы жарасқан ел екендігінің тағы бір айқын дәлелі бола алды" деді Нұрлан Ноғаев бүгін Ұлттық комиссияның отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында..